
1951 жылы 6 мамыр күні Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Тегістік ауылында дүниеге келді.
«Қазақстанның Еңбек Ері», грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы (Мәскеу олимпиадасы, 1980 жыл), КСРО-ның үш дүркін чемпионы (1975, 1980 жыл), КСРО Халықтары спартакиадасының жеңімпазы (1975 жыл), Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері (1980 жыл), Әлем чемпионы (1981 жыл), Әлем кубогының иегері (1982 жыл), Бүкілодақтық ауыл шаруашылық институттары арасындағы біріншілікте жеңімпаз атанды (1971-1979 жылдар), КСРО чемпионатының алты дүркін жүлдегері (1973, 1974, 1976, 1977, 1978, 1979 жылдар), Финляндияның «Тул» спорт клубы ұйымдастырған халықаралық жарыс жеңімпазы (1981 жыл), Иван Поддубныйды еске түсіруге арналған халықаралық турнир жеңімпазы (1981 жыл), Венгрияда өткен халықаралық турнир жеңімпазы (1982 жыл).
Жақсылық Үшкемпіров ірі халықаралық жарыстарда 37 рет топ жарған, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Спорт және туризм академиясының құрметті профессоры, «FILA күміс», «FILA алтын» орденінің иегері (2011 жыл), Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетінің «Құрмет» орденінің иегері (2011 жыл) Біріккен күрес әлемі (UWW) халықаралық федерациясының Даңқ залына есімі енгізілген (2014 жыл).
«Құрмет белгісі» ордені (1980 жыл), I дәрежелі «Барыс» ордені (2011 жыл), «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған. Алматы, Семей, Тараз қалаларының, Алматы және Жамбыл облыстарының Құрметті азаматы. Олимпиада чемпионы, Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров 2020 жылдың 2 тамызы күні 70 жасқа қараған шағында өмірден озды.