Семейде самбо күресінен жастар арасында ел чемпионаты мәресіне жетті. Жас самбошылардың басын қосқан жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясында өтіп, үш күнге жалғасты. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық облысынан жиналған 400-ге жуық ұлдар мен қыздар сегіз салмақта сынға түсіп, жарыстың көрігін қыздырып, өзара мықтыларды анықтады. Айта кетейік, жарыс барлық санитарлық талаптардың қатаң сақталуымен, көрерменсіз, салмақ бойынша күресетін балуандардың қатысуымен ғана өтті.


«Осы жарыста жеңіске жеткен самбошылардан жастар құрамасы жасақталады. Олар алдағы халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғайтын болады», – дейді жарыстың бас төрешісі Бақытхан Жанасылов.


Бұл жарыста Шығыс Қазақстан құрама командасы сапында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясының самбошалыры да бақ сынады. Ұлдар арасында Сұңғат Нұрлатұлы, Жалғас Қайролла қола, Нұрым Қайроллин күміс медаль тақса, Есентай Имаханов ел чемпионы атанды. Ал қыздар арасында Лана Абрамова қолаға қол созды.




Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясының баспасөз қызметі.