ОЛИМПИАДА МЕДАЛЬДАРЫНА АПАРАР ЖОЛ
ОСЫ ЖЕРДЕН БАСТАЛАДЫ
«Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей қаласы бойынша №1 Шығыс Қазақстан облыстық Олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің 2001 жылғы 17 қазандағы №80 бұйрығымен Семей қаласындағы олимпиада резерві облыстық кешенді спорт мектебінің қайта құрылуы негізінде 2001 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істеп келеді. Жеңістері мен жетістіктері спорт мектебін алдымен мамандандырылған, одан кейін олимпиадалық резерв деңгейіне көтерді.
Бастапқыда спорт мектебіндегі оқу үрдісі спорттың 4 түрінен жүргізілді: самбо, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және ат спорты. 2002 жылдың шілде айында спорт мектебінде кикбоксинг бөлімі ашылса, 2006 жылдың қаңтарында дзюдо күресі бөлімі жұмысын бастады. 2009 жылдың қаңтар айында мектепке гір көтеру спорты қосылған болатын.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 5 қаңтардағы №1 қаулысымен Шығыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «Семей қаласы бойынша №1 Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі атауы берілді.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2016 жылдың 14 сәуіріндегі №105 қаулысымен Шығыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқарамасының «Семей қаласы бойынша №1 Шығыс Қазақстан облыстық Олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі атауы берілді.
Бүгінгі таңда мектепте спорттың 10 түрімен (грек-рим, дзюдо, еркін күрес, бокс, велоспорт, волейбол, таэквондо, самбо, қазақ күресі, ат спорты) айналысуға толық жағдай жасалған. Спорт мектебінде бүгінде 1500 жуық спортшы жаттығуда.
2015 жылдың көктемінде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің тапсырмасымен Семей қаласынан спортта дарынды балаларға арналған 200 орынға арналған жатақхана және күрес залын салу туралы шешім қабылданады. Оған барлық жағынан Семей қаласы бойынша №1 Шығыс Қазақстан облыстық Олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі лайықты болды. Бір жарым жылдан кейін, яғни 2016 жылдың 16 желтоқсанында, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жатақхана және күрес залы салтанатты түрде есігін айқара ашты. Осы бір тарихи сәтте Даниал Ахметовтің спорт мектебін «Семей спорт академиясы» деп атау жөніндегі ұсынысын көпшілік бірден қолдады. Мұндай барлық жағдай жасалған жатақхана елімізде кемде – кем. Ашылған жылы жатақханадағы оқушылар спорттың төрт түрі: грек-рим, еркін, дзюдо және самбо күресімен айналысты. Кейіннен, яғни 2017 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы волейбол спортын дамытуға арналған кешенді жоспары аясында жатақханада волейбол бөлімінің спортшылары да тұрады. Облыс әкімінің қолдауымен, Шығыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйытқы болуымен Жапониядан келген Саэ Ишида волейболдан, Моңғолиядан келген Хешикбаяр Бувейбатыр дзюдодан бапкерлік қызмет атқарды. Жатақхананың оқу жүйесі озық үлгіде. Спортшылар қала мектептерінде білім алса, мектепте (академияда) жаттығу жасап, спортпен алаңсыз айналысуына мүмкіндік қарастырылған. Жатақханада кітапхана бар. Кітап қоры мол. Көркем әдебиеттен бастап, спорт жайында ғылыми еңбектерді еш қиындықсыз тауып оқуға болады. Ғаламтормен де қамтамасыз етілген. Спортшылар күніне 6 рет тамақтанады, екі уақыт оқу – жаттығу жасайды. Жатақхана тәрбиешілері мерекелік күндері және спортшылардың бос уақыттарында әртүрлі мәдени – танымдық іс – шаралар ұйымдастырады. Жатақхана мүліктерінің барлығы заманауи, соңғы үлгіде. Жатақханаға Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандары мен қалаларынан жыл сайын спортта дарынды балалар іріктеліп алынады.
2017 жылдың желтоқсан айында спорт мектебіне спортшылардың денсаулығын қалпына келтіру үшін физиотерапия кабинеттері ашылды. Физиотерапия қазіргі заманға сай жабдықталған 4 кабинеттен тұрады: магнитотерапия, массаж, парафинотерапия, физиотерпаия және элетроұйқы кабинеті. Физиотерапия кабинеттерінде арнайы дәрігерлер жұмыс істейді.
Спорт мектебі Халықаралық рейтинг Одағының спорт саласындағы шаруашылық қызметі үшін «2015 жылдың мемлекеттік кәсіпорны» аталымы бойынша ұлттық сертификатымен марапатталды.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей қаласы бойынша №1 Шығыс Қазақстан облыстық Олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің (Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясы) спортшылары республикалық, халықаралық байрақты бәсекелерде жоғары жетістіктер көрсеткендіктен, мектептің жаттықтырушы-оқытушыларына біліктілік санаттары тағайындалды. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, «Қазақстан Республикасының білім беру үздігі» белгісінің иегері, шәкірттерін халықаралық аренаға шығара білген бапкер, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Мерейғалы Қойшыбекұлы Көшкінов мектепке басшылық етіп келе жатқан 2002 жылдан бері 9 маманға «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағы берілсе, 36-сы «жоғары дәрежелі жаттықтырушы-оқытушы» атанды. Сондай-ақ осы уақытқа дейін 37 спортшыға халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 175 спортшыға Қазақстан Республикасының спорт шебері, 525 спортшыға спорт шеберлігіне үміткер атағы берілді.
Мектеп жанындағы «Достық» спорттық-сауықтыру лагері жазда жұмыс істейді. Спорттың он түрінен маусым, шілде, тамыз айларында облыс аудандарынан келген 500-ге тарта спортшы демалады.
Спорт мектебіне 2019 жылдың 18 қыркүйегінде «Қазақстанның Еңбек Ері», грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада және Әлем чемпионы, КСРО-ның үш дүркін чемпионы, Әлем кубогының иегері, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «FILA күміс», «FILA алтын» орденінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетінің «Құрмет» орденінің, I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, Біріккен күрес әлемі (UWW) халықаралық федерациясының Даңқ залына есімі енгізілген, Алматы, Семей, Тараз қалаларының, Алматы және Жамбыл облыстарының Құрметті азаматы, даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровтің есімі салтанатты түрде берілді.








